«Күй өнеріндегі дара тұлға» атты шығармашылық кеші өтті

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазының 50 жылдық мерейтойына арналған «Күй өнеріндегі дара тұлға» атты шығармашылық кеш өтті.
Кездесудің шымылдығын Мұрат Әбуғазы әкесі Қазен Әбуғазының «Жалғыз аққу» күйімен ашты. Кездесу барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Шәміл Әбілтаев батасын беріп, Құрманғазының күйін орындады. Сонымен қатар, «Әлқисса» мен «Парасат» ансамбльдері және Мұрат Әбуғазының Акияшев Айсарбек, Өмірзақ Талшын, Тоқтаров Дастан сынды шәкірттері өз өнерлерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, інісі Талғат Әбуғазы екеуі жазған «Ағажай Алтай» кітабын таныстырып, «Ағажай Алтай» әнін орындап берді.
Шығармашылық кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Нұрлан Түменбаев, жетігенші Қорлан Картенбаева, ҚР мәдениет қайраткері Талғат Әбуғазы, ЖОО студенттері, мектеп оқушылары және қала тұрғындары қатысты.
Мұрат Әбуғазы − күйші-орындаушы ғана емес, сонымен қатар зерттеуші. 15-ке жуық оқу әдістемелік оқулықтардың авторы. Репертуарында 500-ге жуық күй бар. Орындаған күйлері қазақ радиосының алтын қорына енген тұлға.