Алматы музейінде Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына орай «Атамекен» – ел рухы» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Қазақ ән өнерінің алтын қорына мол мұра қалдырып кеткен әйгілі композитор, талантты әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық артисі Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмеде композитордың 80-ге жуық заттары ұсынылды. «Бұл көрме музейдің барлық келушілері үшін қызықты болады деп ойлаймын, себебі әкем – Ескендір Хасанғалиевтің көп қырларын ашады. Әкемнің музыкалық мотивтердің қалай туындайтынын көру мен үшін әрқашан таңғаларлық болатын. Бұл процесс бірнеше уақытқа созылуы мүмкін еді, асықпай, ізденіп, әрбір бөлігін дамытатын. Ал музыка дайын болғанда, алғаш болып оны еститіндер әрдайым анам екеуміз болатынбыз», - деп бөлісті композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев. Айта кетейік, қазақтың ән өнеріне зор үлесін қосқан композитордың шабытының жемісі болған «Атамекен» әніне биыл 55 жыл толады. Осыған орай, көрменің ашылу салтанатында ҚазҰТОБ солисті Б. Абитов пен Б. Хасанғалиевтің орындауында Атамекен әні шырқалды. Көрменің салтанатты ашылуына Алматы қаласы Мәдениет басқармасы өкілдері, ұлы композитордың отбасы, ақын-жазушылар, белгілі әдебиет, ғылым, мәдениет, өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері және Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтары қатысты. Көрме 1 ай жалғасады.
