Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Шабыт қайнары: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті

Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт қайнары: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін атаулы даталар күнтізбесіне енгізілді.
Көрме Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен, Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің (Париж қаласы) және Түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Жоба «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаған көрнекті тұлғаның шығармашылығын насихаттауға, қазақтың бай музыкалық мұрасын шетел жұртшылығына кеңінен танытуға бағытталған.
Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Жәдігерлер қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра», сондай-ақ қазақ және басқа да түркі тілдес халықтардың ұлттық музыкалық аспаптары бар.
Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болған еді.
Көрменің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, дипломаттар, халықаралық ұйым өкілдері, Франция жұртшылығы мен сол жақта тұратын қазақ диаспорасы қатысты.
Елші, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов бұл көрме – қазақ музыкасының алтын арқауы болған тұлғаның мұрасына көрсетілген зор құрмет, түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін жаһандық деңгейде танытудың жарқын көрінісі екенін атап өтті.

.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
