Алматыда бүгінгі қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріндегі әйелдер тақырыбына арналған көрме ашылды

Сербияның Бірінші ханымы Тамара Вучич Алматыда «Серб әйелі: ғасырлар тоғысында» атты көрменін салтанатты ашылуына қатысты. Белград қаласы музейінің қорынан алынған 100-ден астам жәдігерден тұратын экспозиция Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр. Қоғамдағы әйел мәртебесін дәріптейтін бұл көрме Сербия тарихы мен мәдениетінің бірегей мұрасымен таныстырады.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус, Елшілік өкілдері және мәдениет қайраткерлері қатысты.

«Тарих бізге әйел – өмірдің бастауы екенін үйретеді Серб әйелдері билік жүргізіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, жауынгер ретінде ел игілігіне қызметте де алдыңғы қатарда болды. Осы көрменің өтуіне үлес қосқан баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін», – деді Тамара Вучич өз сөзінде.

Экспозиция 7,5 мың жылға жуық тарихи кезеңді қамтиды. Көрмеде археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары және XIX ғасырдағы көрнекті серб әйелдерінің портреттері ұсынылған.

Министр Аида Балаева өз сөзінде қазақ қоғамында әйел – отбасы құндылықтарының сақтаушысы, даналық пен рухани күштің символы екенін атап өтті. Түрлі тарихи кезеңдерде отбасын, елін қорғауға бел буған батыр аналар мен қыздар жайлы тағзыммен еске алатынымызды айтты. Бұл түсінік серб мәдениетіне де жақын екенін, көрмеден айқын аңғарылатынын жеткізді.

«Бүгінде Сербия мен Қазақстан арасындағы байланыстар ресми келісімдермен ғана шектелмейді. Олар мәдениет, білім және өнер салаларындағы бірлескен жарқын жобалар арқылы жалғасуда. Соңғы жылдары мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша белсенді бола түсті. Бұл – екі ел арасындағы өзара құрмет пен достықтың айқын белгісі», – деді министр.

Бұл халықаралық жоба – Алматы мен Белград арасындағы музейаралық ынтымақтастықтың жалғасы ретінде ұйымдастырылуда. 2024 жылдың желтоқсан айында Белград қаласында Ханшайым Любица сарайында Алматы музейінің «Ұлы Даланың мәдени мұрасы» халықаралық көрмесі жоғары деңгейде өткізілді.

«Серб әйелі: ғасырлар тоғысында» көрмесін 2025 жылғы 15 қарашаға дейін Алматы музейінде тамашалауға болады. Мекенжайы: Алматы қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 132.