Адырна

Адырна сан ғасырды артта қалдырып, тағдырдың талай тезінен өткен ерекше аспаптардың бірі. Адырна аспабының тұрқы алғашқыды батырлардың басты қаруының бірі – садақ секілді болып, кейін келе бұғы, марал, киік, бөкен сынды аңдардың тұрқына ұқсатылып жасалды. Аспапта ойналған кез келген әуез адам жүрегінің нәзік иірімдерін дөп басып, көңіл күмбезіне орнайды. Сондықтан, қадалған жерін ойып түсер қарудың адуынын еске түсіргендіктен де осылай аталса керек. Адырна – көп ішекті қазақтың шертпелі аспабы. Оны тізенің үстіне немесе екі аяқтың ортасына қойып, иыққа тіреп шертіп ойнайды. Адырнаның бетін көн терімен қаптайды, өйткені шанағы қуыс болып келеді. Жан-жануарлардың пішініне ұқсас болып келгендіктен мүйізі мен құйрығының екі ортасына көптеген ішектер жүргізеді. Адырнамен фольклорлық, яғни ауызекі қолданыспен жеткен әуендер немесе шығармаларды, кейде шағын күйлерді, кейде тіпті бір күйдің жетегінде қосымша үн қосу үшін де пайдаланады.Адырнаның құлақтары арқылы ежелгі замандағылар ести білген деп сенген. Оның құлақтары арқылы ішектері жүргізіледі. Аспап ойнаушының қай қолмен тартатындығына көңіл бөлмейді, оны оңқай да, солақай да іліп тартып немесе шертіп те ойнай алады. Ең бастысы – аспаптың үнін бұзбай, шебер орындай білсе болғаны.

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ (1925-1998)

Күйші-композитор, дирижер, дәулескер домбырашы, Қазақстанның Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев 1925 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген.

Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасы тарихында алатын орны зор. Ол композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырды. Нұрғиса Тілендиев – 500-ден астам музыкалық туындының авторы. Оның мол мұрасының жанрлық аясы тым кең: ән, күй, романс, увертюра, кантата, поэма, опера, балет сынды түрлі жанрларды қамтиды. Сонымен қатар, талантты композитор 1980 жылы Қазақ академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастырды. Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау», «Әлқисса», «Арман», «Ата толғауы», «Аққу», «Көш керуені», «Фараби сазы», «Алатау», «Ақ құсым» сияқты көптеген шығармалары қазақ музыкасының алтын қорын байытып, ұлттық мәдениетіміздің жауһарлары қатарына қосылды.

Нұрғиса Тілендиевтің домбырасы – екі ішекті, жұмыр шанақты музыкалық аспап, түсі – қоңыр. ХХ ғасырдың 50–60 жылдарында фабрикалық үлгіде жасалған. Үнемі «соль» (G) күйіне бұралып ойнайтын бұл домбырамен кино, спектакльдер мен мультфильмдерге көптеген музыкалық шығармалар жазылды.

2011 жылы композитордың жұбайы Дариға Тілендиева жәдігерді Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырды, және қазіргі таңда аспап аталған музейде сақтаулы тұр.

«Дариға» домбырасы – Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығының айнасы. Бұл аспап 1937 жылы композиторға Ахмет Жұбановтың өзі сыйлаған. Оны дайындаған – Тула қаласының әйгілі шебері Эмануэль Романенко, қазақ аспаптарын кәсіби жетілдіруге атсалысқан шеберлердің бірі. Домбыра тек музыкалық аспап емес – ол Нұрғисаның рухани серігі болды. Нұрғиса ағамыз бұл домбыраны өзінің жары Дариға Тілендиеваның есімімен атап, өмірінің соңына дейін көзінің қарашығындай сақтаған.