Адырна

Адырна сан ғасырды артта қалдырып, тағдырдың талай тезінен өткен ерекше аспаптардың бірі. Адырна аспабының тұрқы алғашқыды батырлардың басты қаруының бірі – садақ секілді болып, кейін келе бұғы, марал, киік, бөкен сынды аңдардың тұрқына ұқсатылып жасалды. Аспапта ойналған кез келген әуез адам жүрегінің нәзік иірімдерін дөп басып, көңіл күмбезіне орнайды. Сондықтан, қадалған жерін ойып түсер қарудың адуынын еске түсіргендіктен де осылай аталса керек. Адырна – көп ішекті қазақтың шертпелі аспабы. Оны тізенің үстіне немесе екі аяқтың ортасына қойып, иыққа тіреп шертіп ойнайды. Адырнаның бетін көн терімен қаптайды, өйткені шанағы қуыс болып келеді. Жан-жануарлардың пішініне ұқсас болып келгендіктен мүйізі мен құйрығының екі ортасына көптеген ішектер жүргізеді. Адырнамен фольклорлық, яғни ауызекі қолданыспен жеткен әуендер немесе шығармаларды, кейде шағын күйлерді, кейде тіпті бір күйдің жетегінде қосымша үн қосу үшін де пайдаланады.Адырнаның құлақтары арқылы ежелгі замандағылар ести білген деп сенген. Оның құлақтары арқылы ішектері жүргізіледі. Аспап ойнаушының қай қолмен тартатындығына көңіл бөлмейді, оны оңқай да, солақай да іліп тартып немесе шертіп те ойнай алады. Ең бастысы – аспаптың үнін бұзбай, шебер орындай білсе болғаны.

Жетіген

Жетіген – қазақтың көнеден келе жатқан көп ішекті, шертпелі музыкалық аспабы. Шамамен б.з.д. V–IV ғғ. пайда болған.

1966 жылы Оразғазы Бейсембаев «Сибирский вестник» журналында 1818 жылы суреттеп жазылуы бойынша жетіген аспабын жасады. Нақ осы жетігеннің бейнесін қайтадан өмірге келтіру көне аспаптарды қайта жасау ісінің бастамасы болды.

70-жылдардан бастап жетіген аспабын алғаш орындаушылар Талғат Сарыбаев пен Қайыржан Мақанов болды. Ал 80-жылдардан бастап Еділ Құсайынов, Сауле Мерекеева, Шахбану Қылышбаева, Нұргүл Жақыпбек сияқты орындаушылар жетіген аспабының халық арасында нақты қалыптасуына атсалысты.

Осы жолда басқа фольклорлық аспаптармен қатар жетігенді де насихаттауда, күй өнерінің көрнекті көсемі Н. Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрімен қатар «Шертер», «Сазген», «Адырна», «Мұрагер» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері 1970–80 жж. бастап зор еңбек сіңірді.

Аспаптың жасалу технологиясы
Жетігеннің құлақ бұрауы мен оған тағылатын ішектердің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан ішектері қандай болған және қандай болуы тиіс екендігін қарастырып, талдап бірқалыпқа түсіру қажет. Аспаптың алғашқы үлгілері көне заманда өте қарапайым түрде жасалып, оның ішегі аттың қылынан тағылған болатын. Бірте-бірте ол басқа материалдармен алмастырыла бастады. Жетіген аспабының ішек түрлері: аттың қылынан, мал ішегінен, сымнан, қармақ жіптен.

Аспаптан мұңға толы үн шығарған орындаушы түрлі сипаттағы әуендер арқылы өз балаларының бейнесін көрсетеді. Осы әуендер кейінірек дамытылып, бізге «Жетігеннің жетеуі» («Жетігеннің жеті күйі») деген атаумен жеткен аспаптық күйлер түрінде сақталған.